Донецк әуежайы жайлы қарама-қайшы хабар тарады

Өзі ұшатын аппараттан түсірілген Донецк әуежайының биіктен көрінісі. 15 қаңтар 2015 жыл.

Украинаның шығысындағы сепаратистер Донецк әуежайынан украиналық әскерилерді ығыстырып шығарғанын айтып отыр деп хабарлайды «Интерфакс» агенттігі. Бірақ, үкімет әскерінің Донбастағы арнайы операциялар орталығы Донецк әуежайы әлі өз қолдарында екені туралы мәлімдеді.

Сенбіге қараған түні сепаратистер әуежайдың жаңа терминалын атыс қаруы, минометтер мен зеңбіректерден атқылаған. Сонымен бірге әуежай маңындағы елдімекендер де нысанаға алынған. Ол елдімекендерге украиналық әскерилер күштерін шоғырландырып жатыр дейді өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» өкілдері.

Донецк әуежайы соңғы бірнеше күннің ішінде сепаратистер мен украиналық әскерилердің ұрыс ошағына айналды. Қаңтардың 11-і күні үкімет күштері әуежайдағы украиналық сарбаздарға оқ жаудырылғаны туралы хабарлады. Қаңтардың 13-і күні сепаратистер үкімет күштеріне әуежайды тастап шығу туралы талап қойды. Содан бері әуежай аймағында ұрыс қарқыны толастаған жоқ.

Жұма күні Украина президентінің кеңесшісі Юрий Бирюков әуежайдағы атыс кезінде украиналық бір сарбаз мерт болып, он бірі жараланғаны туралы хабарлаған.