Қырғыз-өзбек шекарасында атыс болған

Қырғызстандық шекарашы. (Көрнекі сурет)

Қырғыз шекарашылары шекараны кесіп өткен Өзбекстан азаматын атып жаралаған. Қырғызстан мемлекеттік күзет қызметінің хабарлауынша, қырғыз шекарашылары қаңтардың 18-і күні Ала-Бұқа ауданының шекараға жақын Ажек деп аталатын тұсынан Өзбекстан жағынан келген үш аңшының шекараны бұзғанын байқаған.

Шекарашылар аңшыларға қаруларын тастап, берілуге бұйрық берген. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, аңшылар бұйрықты орындамай, шекарашыларға оқ атқан. Шекарашылар өзбек аңшыларына да жауап оқ атып, біреуін жаралаған. Жаралы азамат Қырғызстандағы ауруханаға жатқызылған. Қалған екі адам қашып бара жатқан кезде өзбек шекарашыларының қолына түскен.

Қаңтардың 16-сында Қырғызстанның Тәжікстанмен шекарасында белгісіз адамдар қырғыз шекарашыларына оқ атып, бір шекарашы қаза тауып, екеуі жараланған еді. Қырғыз үкіметінің шекара мәселелері бойынша арнайы өкілі Курбанбай Искандеров оқиғаны "ішкі жанжал" деп атаған.