ИМ кепілдегі екі жапон үшін ақша талап етті

Радикалды "Ислам мемлекеті" тобының туын ұстап тұрған адам. (Көрнекі сурет)

Радикалды "Ислам мемлекеті" (ИМ) ұйымы өздері кепілге алған екі жапон азаматын өлтіретінін айтып, қаржы бопсалаған видео таратты.

Қаңтардың 20-сы күні жарияланған видеода қызғылт сары түсті комбинезон кигізілген екі адам - Кендзи Гото Дзего және Харуна Юкава деп таныстырылады. Бұдан соң бетперде киген топ мүшелерінің бірі қолында пышақ ұстап тұрып кепілдегілерді босату үшін Жапонияға үш күн ішінде 200 миллион АҚШ долларын төлеу туралы шарт қояды. Топ өкілі бұған қоса Жапониядан ИМ ұйымымен соғысып жатқан АҚШ бастаған халықаралық коалицияға қолдау көрсетпеуді талап етеді.

Видеода сөйлеген адам бұған дейін басқа да кепілге алынған адамдарды өлтірген британдық екенін айтқан. Бейнежазба ИМ тобымен байланысы бар содырлар сайтына ілінген.

Сирия мен Ирактың солтүстік бөлігінің көпшілігін бақылауға алған ИМ содырлары бұған дейін кепілге алынған жүздеген адамды өлтірген. Құрбандар арасында сириялық және ирак сарбаздары, батыс елдерінің журналистері, гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері бар.