БҰҰ-ның азаматтардың бейбіт жиындар өткізу және жиналу құқығы мәселелері бойынша арнайы өкілі Майна Киаи сенбі күні Жаңаөзен қаласында жергілікті билік және жұртшылық өкілдерімен кездесті.
БҰҰ өкілі әуелі Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов және орынбасарларымен қысқа уақыт кездескен соң қаланы аралап, 2011 жылы мұнайшылар ереуілі өткен және сол жылы желтоқсанда қайғылы оқиға болған орталық алаңды барып көрген.
Ал жергілікті уақытпен сағат 14.00-де «Темірқазық» қонақ үйінде 2011 жылы желтоқсанның 16-сында Жаңаөзендегі қанды оқиғада қаза тапқандардың туыстары және зардап шеккен адамдармен кездескен. Майна Киаимен әңгімеде тұрғындар Жаңаөзен оқиғасы бойынша іс қайта қаралып, оқиғаға айыпты деп танылып сотталған мұнайшылар түрмеден босатылсын, ал бейбіт тұрғындарға қарсы оқ атқан құқық органдары өкілдеріне әділ жаза тағайындалсын деген өтініштерін айтқан.
Сонымен бірге сенбі күні БҰҰ өкілі Майна Киаи 2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілін қорғаған Роза Төлетаевамен кездеспек. 2012 жылы маусымда сот үкімі бойынша жеті жылға бас еркіндігінен айырылған Роза Төлетаева қамаудан былтыр қарашаның 19-ы күні мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған.
2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында қарулы полиция бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп келе жатқан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша, 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық айып бойынша 37 адам сотқа тартылған. Олардың барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.