Калачиден екі отбасы көшірілді

Калачи ауылы маңындағы бұрынғы уран кен орны. Ақмола облысы, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Ақмола облысы Есіл ауданының тұрғындары белгісіз "ұйқы дерті" ауруына шалдыққан Калачи селосынан екі отбасы Атбасар ауданының Родиновка ауылына көшірілді деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері.

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы "Ақмола медиа орталығының" дерегінше, көшірілген екі отбасыға мал, жем-шөп және қаржылай көмек берілген.

2013 жылдың наурызынан бері Калачи ауылының ондаған тұрғыны түсініксіз "ұйқы дертіне" шалдыға бастағаны хабарланған. Науқастар дел-сал болып, бастары ауырып, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқы басатынын айтып шағымданған. Астанадан барған комиссиялар ауру себебін анықтай алмаған.

Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжин өткен аптада ауылдан қандай да бір сыртқы фактордың анықталмағанын айтқан. Кейбір тұрғындар ауылдан бірнеше шақырым жерде ашық жатқан, кезінде уран өндірілген кеніштің экологиялық зардабын шегіп жатырмыз деп санайды. Жергілікті билік соңғы айлары тұрғындарды басқа аймаққа көшіру шараларын қолға алған.

Мыңға жуық тұрғыны бар Калачи ауылы Астанадан 450 километрдей жерде орналасқан.