Ресейде қамауда отырған украин әскери ұшқышы Надежда Савченконың үстінен "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айыппен тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Савченконың адвокаты Илья Новиковтың "Интерфакс" агенттігіне айтуына қарағанда, істі Федералдық қауіпсіздік қызметі қозғаған.
Ресейлік екі журналистің өліміне қатысы бар деп айыпталып, қамауда отырған Надежда Савченко желтоқсанның 15-інен бері айыпқа қарсылық білдіріп аштық жариялаған. Бірер күн бұрын оны күрт салмақ жоғалтуына байланысты Мәскеудегі «Лефортово» абақтысынан «Матросская Тишина» абақтысының медициналық бөліміне ауыстырған.
Надежда Савченко Луганск түбінде ресейлік телеарнаның екі қызметкерінің өлтірілуіне қатысын жоққа шығарып, оқиғаға дейін өзін сепаратистер ұстап алып Ресей территориясына жөнелтіп жібергенін айтады.
28 қаңтарда Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) Ресей билігін бір тәулік ішінде Надежда Савченконы босатып, оның Украинаға жөнелтуіне немесе үшінші елге беруіне жағдай жасауға шақырған.
26 қаңтарда ПАСЕ Савченконы ассамблеядағы Украина делегациясының тұрақты мүшесі деп бекіткен. Савченко өткен жылдың қазанында Украинада парламент сайлауында «Батькивщина» партиясы атынан депутаттыққа сайланған.