Ақмола облысында соңғы екі тәулікте аяздан үсіп қаза болған екі адамның денелері даладан табылған деп хабарлайды «Қазақстан жаңалықтары» агенттігін.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, қаңтардың 29-ы күні Көкшетау қаласында бір үйдің маңындағы бақша сыртынан 1983 жылы туған ер адамның сүйегі табылған. Жұма күні Сандықтау ауданы Граниковка ауылында тұратын әйел 1954 жылы туған күйеуінің жансыз денесін үйінің жанынан тапқан.
Полицияның хабарлауынша, сот-медициналық сараптамасын жүргізу үшін мәйітханаға жеткізілген екі сүйектен де зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. Алдын-ала болжам бойынша, екеуінің де ажалы қатты аяздан болған дейді жергілікті полиция.
Биыл қаңтардың үшінші онкүндігінде Қазақстанның батыс, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында ауа температурасы -20-25 градус, кейбір жерлерде -34 градусқа дейін суытқан еді.