Шұғыла тұрғындары жер дауына қатысты жиын өткізді

Алматының Шұғыла ықшамауданы тұрғындары даулы жер телімдері туралы баспасөз жиынын өткізіп отыр. Алматы, 3 ақпан 2015 жыл.

Бүгін Алматының Наурызбай ауданындағы Шұғыла ықшамауданы тұрғындары даулы жер телімдерінің мәселесін шешуге көмек сұрап баспасөз жиынын өткізді.

Тұрғындардың айтуынша, дау тудырған жер телімдерін "Ақ бата" компаниясы өкілдері таяуда сатып алғандарын және онда ауылдық әкімдік пен балабақша салынатынын алға тартып қоршап тастаған.

Тұрғындар таяуда жерлерін даулап Астанаға барып, "Нұр Отан" партиясы өкілдерімен, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің кеңесшілерімен кездескенін айтты. "Билік өкілдері бізді мәселелерің шешіледі деген жауаппен шығарып салды" дейді тұрғындар.

Жиында өзін тұрғындардың құқығын қорғаушымын деп таныстырған Қаламқас Байжүкенованың айтуынша, тұрғындар жерді 1990 жылдары сүт зауытында істеп жүргенде пай есебінде үлеске алған. "Тұрғындардың қолында жерлеріне шығарылған ортақ мемлекеттік актісі, Қарасай аудандық соты мен облыстық соттың "жерлері заңды, сүруге жатпайды" деген шешімі бар. "Ақ бата" компаниясының жерді қалай сатып алғанын білмейміз, сұрасақ жауап бермейді" дейді ол.

"Ақ бата" компаниясының заңгері Орал Рустамов осы айдың басында жер теліміне қатысты дауды компания өкілдері мен әкімдіктен құралған арнайы топ қарап жатқанын айтқан.

Бұған дейін, қарашаның 16-сында тұрғындармен кездескен Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Ибрагим Әбілқасымов ішінде адамдар тұрып жатқан үйлерге сот шешімі шыққанға дейін ешкім тиіспейді деп сендірген еді.

Әкім орынбасары бұған дейін осы ауылдағы бес үйге қатысты шығарылған сот шешімі қайта қаралатынын және осы үйлердің сүрілмейтінін айтқан болатын.