Ұлыбритания "үш ата-ана гені" жайлы заң қабылдады

Көрнекі сурет.

Ұлыбритания әлемде бірінші болып "үш ата-ана генінен" қолдан ұрықтандыру технологиясын заңдастырды. Парламентте бір жарым сағатқа жалғасқан пікірталаста "митохондриялық донорлық" туралы заң жобасын 382 депутат қолдап, 128 депутат қарсы дауыс берді.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл технология адамға ген арқылы берілетін, әзірше емі жоқ бірқатар ауру түрлерінен сақтандырады. Жаңа әдіс бойынша эмбриондардың генетикалық өзгерісіне ұшырап туған балада үш адамның - әкесі, анасы және донор әйелдің гені болады.

Заң жобасы митохондрияда ақауы бар ерлі-зайыптыларға көмектесу үшін қабылданған. Митохондриялық ақау - әйел арқылы берілетін емделмейтін ауру. Бұл дерт 6500 сәбидің біреуінде кездеседі және ол ми қызметінің бұзылуына, жүректің тоқтап қалуына және соқырлыққа әкеп соқтырады.

"Үш ата-ана гені" технологиясы бойынша болашақ сәбидің ДНК-сына дені сау митохондрия ендіріледі.