Армения Ресейден Гюмри қаласында армян отбасының жеті мүшесін қырып тастады деп айыпталған ресейлік әскери қызметкер Валерий Пермяковты беруді ресми түрде сұратты. Пермяков қазір Гюмриде өзі қызмет еткен Ресей әскери базасында қамауда отыр.
Армения бас прокуроры Геворк Костанян Ресей бас прокуроры Юрий Чайканың атына жолдаған мәлімдемесінде Пермяковты Арменияға тапсыруды сұраған.
Армения прокурорының мәлімдемесінен бірер сағат бұрын ресейлік "Интерфакс" агенттігі өзінің дереккөздеріне сілтеме жасап, Пермяковтың соты Гюмридегі әскери базада өтетіні туралы хабарлаған.
Арменияның Гюмри қаласында қаңтардың 12-сі күні таңертең бір отбасындағы алты адам – ерлі-зайыптылар және олардың ұлы мен келіні, екі жасар немересі және жас қызы кісі қолынан қаза тапқаны анықталған. Ауыр жарақат алған алты айлық ұл бала – Сережа Аветисян ауруханаға жеткізіліп, қаңтардың 19-ы күні сонда жан тапсырған. Қаңтардың 13-інде Түркиямен шекарада ұсталған ресейлік солдат Валерий Пермяков осы қылмысты өз мойнына алғаны туралы хабарланды.
Гюмридегі оқиғаға байланысты Ереван мен бірнеше қалада жаппай наразылық танытқан жұрт Пермяковты Армения билігіне тапсыруды талап еткен. Мәскеу Пермяковтың ісі Армения жерінде ресейлік әскери сотта қаралатыны туралы мәлімдеген еді.