"Самұрық-Қазына" спортқа қаржы бөлуді азайтады

"Самұрық-Қазына" қаржыландыратын "Астана" автоспорт клубы командасы Дакар ралли жарысында.

"Самұрық-Қазына" қоры демеушілік ететін спорт федерациялары мен спорттық жобаларының қаржысын қысқартады. Бұл туралы Азаттыққа қордың қоғаммен байланыс бөлімінің өкілі Айдар Махметов мәлімдеді.

Оның айтуынша, "Самұрық-Қазына" қаржыландыратын спорттық жобаларға бөлінетін қаржыларды қайта қарау жұмыстары басталған.

Ақпанның 4-і күні "Самұрық-Қазына" қаржыландыратын Қазақстан шахмат федерациясы өз жұмысын уақытша тоқтататынын мәлімдеді.

"Самұрық-Қазына" қоры Лондон олимпиадасының чемпионы ауыр атлет Илья Ильинге, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге, "Астана арландары" бокс клубына, "Қайрат" футзал командасына, "Астана" велоклубына, "Астана моторс" автоклубына, шаңғы, бокс, ауыр атлетика, хоккей федерацияларына қаржылай демеушілік танытып келген.

"Самұрық-Қазына" қоры қаңтар айында дағдарыс салдарынан және шығындарды азайту мақсатында түрлі қайырымдылық пен демеушілік жұмыстарын тоқтататынын хабарлаған еді.