Муссауи: 11 қыркүйек шабуылына Сауд Арабиясының қатысы бар

Закариас Муссауи.

2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тағы терактіде ұшақтардың бірін айдап әкетті деп сотталған Закариас Муссауи террорлық шабуылды ұйымдастырған "Әл-Қаида" ұйымын Сауд Арабиясы королінің әулеті тікелей қолдап отыр деп мәлімдеді. Муссауидың мәлімдемесін теракт құрбандарының адвокаттары Манхэттен федералдық сотына жіберді. Адвокаттар Сауд Арабиясын "Әл-Қаидаға" болысты" деп айыптайды.

Сауд Арабиясының Вашингтондағы елшілігі айыптауға қатысты жасаған мәлімдемесінде Муссауидің айтқанын "психологиялық күйзеліске ұшыраған қылмыскердің сөзі және ешқандай дәлелі жоқ" деді.

Сауд Арабиясы билігі тергеу нәтижесінде "үкіметтің я шенеуніктердің терактіге қатысы бары анықталмады" деп мәлімдеді.

46 жастағы Муссауи - Франция азаматы. Ол 2005 жылы өзіне тағылған терроризм айыбын мойындап, өмір бойы бас бостандығынан айырылған. Муссауи жазасын АҚШ-тың Колорадо штатында ерекше күзетілетін түрмеде өтеп жатыр.