Оралман үшін азаматтыққа өтініш беру мерзімі қыcқармақ

Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы. (Көрнекі сурет).

Шетелден Қазақстанға оралған этникалық қазақтарды Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алған күннен бастап бір жыл ішінде азаматтық алуға міндеттеу қарастырылып жатыр. Бұл жайында бүгін мәжілісте миграция және тұрғындарды жұмыспен қамту туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайлы заң жобасын таныстырған денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов мәлімдеді.

- Қазақстанда тұруға ықтиярхат алуға шамамен үш ай уақыт кетеді. Бүгін біз бұл тәртіпті өзгертіп, бірден ықтиярхат беруді ұсыныс отырмыз. Бізде қазір оралмандар тұрып жатқанына төрт жыл толғаннан соң ғана азаматтық алуға өтініш бере алады. Біз бұл тәртіпті өзгертіп, бір жыл ішінде өтініш беруге міндеттейміз. Егер оралман бір жыл ішінде азаматтық алуға өтініш бермесе, онда ықтиярхатынан және барлық жеңілдігінен айырылады, - деді Арғандықов.

Оның айтуынша, заң жобасында әуелі оралман мәртебесін, сосын Қазақстанда тұруға ықтиярхат алу қарастырылған. Жобада оралман мәртебесін орналасқан жеріне қарамастан беру ұсынысы бар.

Вице-министрдің ақпараты бойынша, 1991 жылдан бері Қазақстанға 952 мыңға тарта қазақ (шамамен 250 мың отбасы) оралған. Оралмандардың 62 пайызы Өзбекстаннан келген.