Мьянма: қақтығыстан 47 әскери қаза тапты

Мьянма картасы (қызылмен белгіленген). (Көрнекі сурет).

Мьянманың Қытаймен шекарасында үкімет әскері мен этникалық Коканг көтерілісшілері арасында қақтығыс болып, үкіметтің 47 сарбазы қаза тапты. 73 адам жараланды.

Мьянма мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, соңғы бірнеше күнде шекараға жақын Лауккай қаласы маңында үкімет әскері мен Коканг көтерілісшілері арасында кем дегенде 13 рет қақтығыс болған.

Көтерілісшілерден қанша адам шығын болғаны әзірге белгісіз. Кейбір ақпараттарға қарағанда, ұрыс қатты болған. Мьянма үкіметі Қытайды қақтығыстар жайлы хабардар еткен. Қытай бұл елдегі қақтығыстардан бас сауғалағандар өз территориясына өтіп кетуі мүмкін деп алаңдайды.

Коканг көтерілісшілері бұрын жойылып кеткен Бирма коммунистік партиясының басты әскери қанаты болған. Бирма коммунистік партиясы 1989 жылы сол кездегі әскери үкіметпен бітім жасасқанға дейін қызмет еткен.