ЕО Украинаға қатысты 19 адамға санкция салды

Еуропа Одағы туы. (Көрнекі сурет)

Еуропа Одағы (ЕО) "Украина тәуелсіздігіне, егемендігі мен территориялық тұтастығына қауіп төндіргені" үшін тағы 19 адам мен тоғыз ұйымға санкция салды.

Санкцияға ілігіп, ЕО аумағына кіруге тыйым салынған және активі бұғауланғандар арасында әнші Иосеф Кобзон, Ресей қорғаныс министрінің орынбасарлары Аркадий Бахин мен Анатолий Антонов және осы елдің қарулы күштері бас штабы басшысының орынбасары Андрей Картаполов бар. Бұлардан өзге Ресей мемлекеттік думасының екі депутаты мен өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикасының" 15 өкіліне санкция салынған.

"Новороссия" қоғамдық қозғалысы, казактардың Ұлттық гвардиясы мен өзге жеті сепаратистік топтар да санкцияға іліккен.

ЕО қаңтардың 24-інде Шығыс Украинада Мариуполь қаласы атқыланып, 29 адам қаза тапқан соң санкция салынғандар тізімін кеңейту қажет деп шешкен.

ЕО санкциясы салынғандар тізімінде Украина мен Ресейдің барлығы 157 азаматы мен 37 ұйым және компания бар.