Данияда шабуыл құрбандарын еске алды

Данияда шабуылдан қаза тапқандарды еске алу жиынын бақылап тұрған полицейлер. Копенгаген, 16 ақпан 2015 жыл.

Дания астанасы Копенгагенде ақпанның 16-сында 30 мыңға тарта адам екі күн бұрынғы шабуылдарда қаза тапқан екі адамды еске алу шеруіне шықты.

Жиынға қатысушылар алдында сөйлеген Дания премьер-министрі Хелле Торнинг-Шмидт даниялықтардың "көпшілік болып жауап қайтару дағдысы Данияға төнетін қатерді еңсере алады" деді.

Ақпанның 14-інде Дания астанасында сөз бостандығына қатысты жиынға қатысушыларға және синагога маңында жасалған екі шабуыл салдарынан екі адам - даниялық режиссер мен синагогаға келушілердің бірі қаза тауып, бес полицей жараланған. Жексенбі күні таңертең полициямен атыста оққа ұшқан 22 жастағы даниялық жігіт қарулы шабуылға күдікті саналады. Тергеушілер сенбі күнгі қылмысты жасаған радикалды исламшыл болуы мүмкін деп жорамалдайды.

Кеше полиция шабуылдаған қылмыскерге көмектескен деген күдікпен екі адамды ұстап, он күнге қамауға алды. Полиция ұсталғандардың аты-жөнін атамағанымен, оларды "қарулы адамға баспана беріп, қаруын жоюға көмектесті" деп айыптайды.