Прокурор Стросс-Канды ақтауды сұрады

Халықаралық валюта қорының бұрынғы басшысы Доминик Стросс-Кан.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) бұрынғы басшысы Доминик Стросс-Канның ісі бойынша сотта айыптаушы тарап оны ақтауды сұрады. Стросс-Канға "жезөкшелік қызмет көрсететін желі құруға қатысы бар" деген айып тағылған еді.

65 жастағы экономист Доминик Стросс-Кан 2011 жылы Нью-Йорктегі қонақүйлердің біріндегі қызметші әйелді жыныстық қатынасқа мәжбүрлемек болған деп айыпталып, ХВҚ басшылығынан кеткен. Соның салдарынан ол Францияда президент сайлауына да түсе алмаған.

Сотта айыпкерге қатысты шешім шығар алдында сөйлеген сөзінде прокурор: "Стросс-Кан жезөкшелерге ақша төледі ме? Жоқ. Жеңгетайлық жасады ма? Жоқ" деп айтқан.

Тергеушілер Стросс-Кан 2008 жылдан 2011 жылға дейінгі кезеңде Лилль, Брюссель, Париж және Вашингтон қалаларында жезөкшелерді қатыстырып кештер өткізген деп мәлімдеген.

Үш аптаға созылған сот кезінде Стросс-Кан жынойнаққа қатысқан әйелдердің қандай кәсіппен айналысқанын білмегенін және ондай кештерді ұйымдастырмағанын айтқан. Сонымен бірге ол тергеу тарабының "жезөкшелер желісі" деп отырғаны - пікірі ортақ свингерлер тобы деп ақталған.