АҚШ президенті Барак Обама Шығыс Украинадағы оқиғаларды, сонымен бірге Ресей жаңа санкциялар салу мүмкіндігін екшегеннен кейін, жақын күндері украиналық әскерилерге сепаратистерге қарсы күресуге қару-жарақ беруге қатысты шешімін айтады. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мәлімдеген.
Лондонда Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филип Хамондпен келіссөздерден соң Керри АҚШ өкілдері еуропалық одақтастарымен «байыпты талқылаулар» өткізгенін және өткен аптада Минскіде қол қойылған атысты тоқтату туралы келісімді бұзғандарға жауап ретінде қосымша шаралар қабылданатындығын мәлімдеді.
Керри өз сөзінде Украинаның шығысында атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан сепаратистер Дебальцевоны басып алған соңғы күндері Ресей «барып тұрған арсыз процеске» қатысып отыр деп айыптады.
Киев ақпанның 21-і күні Украинаның оңтүстік-шығысында сепаратистер әскери күшін ұлғайтып, қару-жарақты шоғырландырып жатқаны туралы мәлімдеген. Украина үкіметі сепаратистердің Мариупольге шабуыл жасауы мүмкін екенін айтады.