Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы өкілдері Өзбекстанға наурыздың соңында өтетін президент сайлауына бақылау жасауға барды.
ЕҚЫҰ-ның 11 адамнан тұратын саны шектеулі миссиясын италиялық елші Каэтана де Зулуета басқарады. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, Каэтана де Зулуета сайлау басталғанға дейін ЕҚЫҰ бақылаушылары саны 20-ға дейін артуы мүмкін екенін айтқан.
Өзбекстандық ресми БАҚ-тың хабарлауынша, миссия бүгін жұмысын бастайды. Миссия штабы Ташкентте орналасады.
Өзбекстанда президент сайлауы наурыздың 29-ына белгіленген. Қаңтар айында Өзбекстан либерал-демократиялық партиясы және Кәсіпкерлер мен іскер адамдар қозғалысы президенттікке үміткер ретінде ұзақ жылдар бойы елді басқарып отырған президент Ислам Каримовты ұсынған.
ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы бұған дейін де Өзбекстандағы сайлауларға бақылау жасап, барлық сайлауды "демократиялық талаптарға сай емес және бәсекесіз өтті" деп бағалаған.