Сепаратистер Украинаның Мариуполь қаласына тағы шабуыл жасаса, Еуропа Одағы (ЕО) Ресейге жаңа санкциялар салады деп мәлімдеді бүгін Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус France Info радиосына берген сұхбатында.
Польша сыртқы істер министрі Гжегож Схетына да "жаңа санкциялар жобасы сепаратистер Мариупольге шабуылдай қалған жағдайда автоматты түрде іске қосылатындай болып дайын тұруы тиіс" дейді.
Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" өкілдері мен Киев бір-бірін Мариуполь түбінде ұрысқа дайындалып жатыр деп айыптайды. "Донецк халық республикасы" өкілінің сөзінше, украин әскері Маруиполь жақта күш жинап жатыр. Ал Киев сепаратистер Мариупольді басып алуға дайындалып жатыр дейді.
Шығыс Украинадағы арнайы операция штабының өкілдері операция жүргізіліп жатқан аймақта осымен екінші тәулік қақтығысты тоқтату келісімін бұзу оқиғалары азайғаны байқалғанын айтады.
Өткен түні Мариуполь, Луганск және Донецк жақтағы украин әскері позициялары атқыланбаған.
Бірақ арнайы операциялар штабының баспасөз қызметі бірнеше елді мекеннің атқыланғанын айтады. Бір тәулікте сепаратистер Дебальцевоға жақын маңдағы Попасная елді мекенін артиллерия мен минометтен 15 рет атқылаған. Кеше украин әскері сепаратистердің Широкино ауылына шабуылын тойтарғанын хабарлаған.