Мәскеуде шеруде ұсталғандар сотқа тартылмақ

Мәскеудегі Борис Немцовты еске алу шеруі. 1 наурыз, 2015 жыл.

Мәскеуде қастандық құрбаны болған оппозициялық саясаткер Борис Немцовты еске алу шеруінде ұсталған 50 шақты адам түнді "Красносельское" полиция бөлімшесінде өткізді. Оларға "көпшілік іс-шараларын өткізу тәртібін бұзды" және полиция қызметкрелеріне бағынбады деген айып тағылған. Бүгін олар сотқа тартылмақ. Кейбір ақпараттар бойынша, ұсталғандардың бірін полиция соққыға жыққан соң ауруханаға түскен.

Кеше Мәскеуде Борис Немцовты еске алу шеруіне ондаған мың адам қатысқан. Ұйымдастырушылардың есебінше, шеруге 50-ден 70 мыңға дейін адам жиналған. Полиция акцияда шамамен 16 жарым мың адам болды дейді.

Шеруге шыққандар Славянск алаңынан Мәскеу өзені үстімен өтетін үлкен көпірдің Борис Немцов қаза тапқан тұсына дейін жүріп өтті. Қаралы шеру 1 наурызда Мәскеудің Марьино ауданында өтеді деп жоспарланған "Весна" дағдарысқа қарсы маршының орнына өтіп отыр.

Немцовтың өліміне байланысты акциялар Ресейдің басқа да қалаларында, оның ішінде Петербург, Хабаровск, Екатеринбург, Томск, Новосибирск және Красноярск қаласында да өтті.