Канада сарбазы Иракта пешмерга оғынан қаза тапқан

Мосул маңында тұрған пешмерга жасағы. Ирак, 26 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Иракта күрдтердің пешмерга жасағының қателесіп атқан оғынан шетелдік әскери – канадалық сержант Эндрю Джозеф Дойрон мерт болған.

Күрдтер өкілі Халгурд Хекматтың айтуынша, машинадан шықпауды бұйырған пешмерга жасағының сөзін елемеген канадалық бірнеше әскери көліктен түсіп күрдтердің сөзіне арабша жауап қатқан соң пешмерга оларға оқ атқан. Хекмат ол маңға канадалық әскерилердің келетіні туралы ешкім алдын ала ескертіп айтпаған дейді. Оқиға пешмерга мен «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы арасында ауыр шайқастар жүріп жатқан Башик елдімекенінде болған.

Ирактың солтүстігінде Канаданың арнайы әскери бөлімшесінің 70 қызметкері орналасқан. Канадалық алты әскери ұшақ елдің үштен бір бөлігіне бақылау орнатқан ИМ экстремистік тобына қарсы әуе операцияларына қатысып жүр.