Еуропа Одағы (ЕО) Беларусьпен қарым-қатынаста бірталай уақыттан бері қалыптасқан салқындықты жібітуге мүмкіндік бар деп санайды. Бұл туралы сенбі күні ЕО елдері сыртқы істер министрлерінің Ригадағы бейресми кездесуінен кейін Латвия сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевич мәлімдеген.
Оның айтуынша, Еуроодақты Беларусь еліне қатысты кейбір мәселелер, солардың арасында саяси тұтқындар проблемасы толғандырады, әйткенмен, жағдайды жақсартуға мүмкіндіктер бар.
Соңғы жылдары ЕО Минскіге адам құқықтарының бұзылуы, сайлаудың бұрмалануы, оппозиция мүшелері мен белсенділердің қудалануына байланысты шектеулер енгізген. 2012 жылы Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі Гидо Вестервалле Беларусь билігін «Еуропаның жүрегіндегі соңғы диктатура» деп атаған.
Еуропа Одағындағы ротация принципі бойынша, қазіргі кезде бұл одаққа Латвия төрағалық етіп отыр. Биыл Ригада өткізілетін «Шығыс серіктестігі» саммитіне постсоветтік елдерден Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Молдова және Украина өкілдері қатыспақ. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Еуропа Одағы жетекшілері бұл кездесуге алғаш рет Беларусь президенті Александр Лукашенконы шақыруы ықтимал.