Назарбаев мемлекеттік тіл емтиханынан өтті

Астанада өткен Нұр отан съезінде тұрған Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен премьер министр Кәрім Масимов (оң жақта). 11 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президенттік кандидат ретінде мемлекеттік тіл емтиханын тапсырды.

Орталық сайлау комиссиясында лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, "Назарбаев тіл емтиханы кезінде еш қателік жібермей, емтиханнан сәтті өткен". Ол президенттікке кандидаттардың бәрі "осы кісідей болу керек" деген пікірін білдірді.

Бүгін Астанада өткен "Нұр Отан" партиясы съезінде Нұрсұлтан Назарбаев биылғы президент сайлауына түсуге келісімін берді.

Қазіргі кезде сайлауға қатысуға ниет білдірген 14 адамның алтауы мемлекеттік тіл бойынша емтиханнан өте алмаған. Олардың арасында қоғамдық белсенді Есенбек Өктешбаев, "Кенесары хан" қоғамдық қорының жетекшісі Уәлихан Қайсар да бар.