Жаңа ADAM журналы сатылымға түспей жатыр

ADAM журналының бас редакторы Аян Шәріпбаев.

Интернетте хабарланған, сот шешімімен жабылған ADAM bol журналының редакциясы жаңадан ашқан ADAM журналының алғашқы санының баспадан шығуы кешігіп жатыр.

Журналдың бас редакторы Аян Шәріпбаевтың Азаттыққа хабарлауынша, типографияда басылған журнал санының жарыққа шығуы редакцияның себебінен емес, "техникалық себептерге" байланысты кешігуде.

Шәріпбаев журнал бүгін жарыққа шығып, Алматыдағы сауда орындарына жеткізілетінінен үмітті. Оның айтуынша, журнал 15 мыңнан көп тиражбен шыққан.

ADAM bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева 26 ақпанда Алматы қалалық соты басылымды жабу туралы сот шешімін күшінде қалдырған соң жаңа ADAM журналын шығару жоспарын жариялаған. Ерғалиева жаңа журнал билік бұған дейін жауып тастаған ADAM rider's және ADAM bol журналдарының саясатын ұстанатынын айтқан.