Бүгін - Татарстанда өрт құрбандарын аза тұту күні

Өрттен бүлінген «Адмирал» сауда орталығы. Қазан, 12 наурыз 2015 жыл.

Наурыздың 14-і Татарстанда Қазандағы «Адмирал» сауда орталығындағы өрттен құрбан болғандарды аза тұту күні деп жарияланған.

Соңғы мәліметтер бойынша, қайғылы оқиғадан 15 адам мерт болып, әлі 19 адам табылмай жатыр. Өрт салдарынан ондаған адам зардап шеккен.

«Адмирал» сауда орталығынан орын жалдаған фирманың директоры жұма күні сот шешімімен екі айға қамауға алынған. Тергеу болжамы бойынша, ол өрт болған жерден адамдарды эвакуациялау шараларын және ішкі қауіпсіздік қызметінің жұмысын дұрыс ұйымдастырмаған.

Тергеу комитетінің дерегі бойынша, 2013 жылы сауда кешенінде жүргізілген тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмағаны анықталған, бірақ олқылықты түзеу шаралары атқарылмаған.