Тунис музейіне шабуылдан он шақты адам өлді

Бардо музейіндегі адамдар. Әлеуметтік желілерде тараған сурет. 18 наурыз 2015 жыл

Тунистің астанасындағы музейлердің біріне қаруланған топ шабуыл жасап, кем дегенде жеті адамның өлгені хабарланды. Бірнеше Еуропа елінің туристері кепілге алынды деген нақтыланбаған ақпарат та тарады.

Атыс 18 наурызда Тунис қаласындағы парламент ғимаратының қасындағы Бардо музейінде болған. Мұражайға шабуыл жасалып жатқанда көрші парламентте депутаттар терроризммен күрес заңын талқылап отырған. Төтенше жағдайдан соң парламент ішіндегі жұрт эвакуацияланды.

Елдің ішкі істер министрлігі музей ішінде екі қарулы адамды қауіпсіздік күштері қоршауға алғанын айтты. Бұл мұражайдың антикалық ескерткіштер коллекциясын көруге туристер жан-жақтан келеді.

Көршілес Сирия қақтығыс ошағына айналғалы бері Тунистегі ахуал да ушыға бастаған. Сирия мен Иракта соғысып жүрген содырлардың ішінде тунистіктер де көп.