Тунистегі шабуыл құрбандары 19-ға жетті

Бардо музейіне шабуыл жасаушыларды ұстауға келген арнайы әскер. Тунис, 18 наурыз 2015 жыл.

Тунис астанасындағы Бардо музейіне 18 наурызда жасалған қарулы шабуыл кезінде мерт болғандар саны 19 адамға жеткен, олардың 17-сі – шетелдік туристер.

"Қаза тапқандардың арасында қауіпсіздік күштерінде қызмет атқарған жергілікті тұрғын бар" деп хабарлады Тунис премьер-министрі Хабиб Ас-Сид. Оқиға барысында 22 шетелдік турист пен 2 жергілікті тұрғын жараланғаны хабарланды. Кепілге алынған адамдарды босату операциясы кезінде шабуыл жасағандардан екеуі өлген.

Хабиб Ас-Сидтың айтуынша, қаза тапқан шетелдіктер арасында Польша, Италия, Германия және Испания азаматтары бар. Әзірше бұл шабуыл үшін жауапкершілікті ешкім мойнына алған жоқ.

Тунис парламенті ғимаратының қасында орналасқан Бардо музейіндегі антикалық ескерткіштер коллекциясын көруге туристер жан-жақтан келеді.