Януковичтің ұлы қаза болған деген хабар тарады

Украина экс-президентінің ұлы Виктор Янукович.

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің кенже ұлы Виктор Байкал көліне батып кеткен деген ақпаратты экс-президенттің төңірегіндегі дереккөзге сілтеп ресейлік РБК сайты таратты. Оған дейін мұндай хабар украиналық «Левый берег» интернет-басылымында шыққан.

Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің Иркутск облыстық басқармасы сайтында наурыздың 21-і күні жарияланған ақпаратта жұма күні Байкал көлінде мұз астына автокөлік түсіп кеткені айтылған. Құтқарушылардың дерегі бойынша, көліктегі алты адамның бесеуі аман қалып, жүргізуші суға батып қаза болған. Кейін бұл ақпарат сайттан алынып тасталған.

ТЖМ облыстық басқармасының баспасөз қызметі опат болған адамның аты-жөні Виктор Давыдов деп мәлімдеген. Қаза болған адам Украинаның бұрынғы президентінің баласы ма, жоқ па – ол жөнінде хабарламада ештеңе айтылмаған.

Бірақ, интернетте тараған ақпаратта экс-президент Януковичтің кенже ұлы анасының қыз күніндегі фамилиясын (Людмила Давыдова) алған деп айтылған.