Қазақстанда туған әнші ұшақ апатында қаза тапқан

Germanwings әуе компаниясының Airbus A-320-200 жолаушылар ұшағы. (Көрнекі сурет)

Францияда ұшақ апатында қаза тапқандар арасында Қазақстанда туған опера әншісі Олег Брыжак та бар. Бұл туралы ол жұмыс істеген Германиядағы Дюссельдорф операсының басшылығы растаған.

1960 жылы Қазақстанда туған Олег Брыжак Қарағанды музыкалық училищесінде, Алматы консерваториясында білім алған. Ресейдің Санкт-Петербург, Челябинск, Украинаның Львов қалаларында опера театрларында солист болған. 1996 жылдан бері Дюссельдорф опера театрында еңбек еткен.

Германияның Germanwings әуе компаниясының Airbus A320 жолаушылар ұшағы наурыздың 24-і күні Францияның оңтүстік-шығысында Альпі тауларында апатқа ұшыраған.

Барселонадан Дюссельдорфқа бара жатқан ұшақ бортында 144 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болған. Франция президенті Франсуа Олланд ұшақтағылардың барлығы қаза тапқан болуы мүмкін деп мәлімдеген.