Өзбекстанда президент сайлауы аяқталды

Өзбекстандағы президент сайлауында дауыс беріп тұрған сайлаушы. 29 наурыз 2015 жыл.

Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хабарлауынша, елде 29 наурызда өткен президент сайлауына дауыс беру құқығы бар азаматтардың 91 пайыздан астамы қатысты. ОСК басшысы Мирзулугбек Абдусаломовтың сөзінше, дауыс беру барысында ешқандай заң бұзушылық болмаған. Сайлаудың алдын-ала нәтижелері бүгін, 30 наурызда жарияланады.

Бұл сайлауға елдің қазіргі президенті, Өзбекстан либералды-демократиялық партиясы жетекшісі 77 жастағы Ислам Каримовке бәсекелес ретінде Өзбекстан халықтық-демократиялық партия басшысы Хатамжан Кетмонов, «Адолат» социал-демократиялық партиясы атынан Наримон Умаров және «Қайта өрлеу» демократиялық-ұлтшыл партиясынан Акмал Саидов кандидат болып тіркелген. Бұл партиялардың ешқайсысы билікке оппозицияда емес.

Каримовтың қарсыластары дауыс беруді алаяқтық деп атап, сайлауда арнайы қойылған "бәсекелестер" президенттің пайдасына сайлау науқанын жүргізді дейді.

Батыстық ұйымдар, оның ішінде ЕҚЫҰ Өзбекстандағы президент, я парламент сайлауларының бір де бірін әділ, еркін өтті деп мойындаған емес.