Франция сайлауында Саркози партиясы алда келеді

Францияның бұрынғы президенті, "Халықтық қозғалыс одағы" партиясының жетекшісі Николя Саркози.

Францияда өткен жергілікті өкілді органдарға сайлаудың соңғы кезеңінде консервативтік "Халықтық қозғалыс одағы" мен оған серіктес партиялар алда келеді.

Франция азаматтары елдің 101 әкімшілік округінің өкілдерін сайлады. Дауыс беруден кейінгі жүргізілген сауалнама нәтижелеріне қарағанда, бұрынғы президент Николя Саркозидің "Халықтық қозғалыс одағы" партиясы 60 әкімшілік аймақтағы жергілікті кеңесте ықпал ету мүмкіндігін иеленген. Әсіре оңшыл "Ұлтшыл майдан" партиясы да бірнеше орынға ие болғанымен, кеңесте ықпал етуге мүмкіншілік алғаны, я алмағаны белгісіз.

Биліктегі "Социалистік партия" мен оның одақтастары 30 әкімшілік аймақта ықпал ету аймағынан айырылуы мүмкін.

Франциядағы саяис партиялар мен қозғалыстар 2017 жылы өтетін парламент сайлауына дайындықты бастап жатыр. Николя Саркози күрделі экономикалық проблемалар мен елдегі жұмыссыздық деңгейін азайта алмай отырған социалистерді ығыстырып, билікке қайта оралғысы келеді.