Қырғызстанда өткен аптада ұсталған АҚШ азаматы Умар Фарук елден шығарылды.
Қырғыз арнайы қызметі Умар Фарукты 25 наурызда елдің оңтүстігіндегі Ош облысында ол жергілікті "Бір дүние" адам құқықтарын қорғау ұйымы өкілдерімен Оштағы діни экстремизмге қатысты айыпталғандар туралы ақпарат алу үшін кездескеннен кейін ұстаған.
Құқық қорғау орындары "Бір дүние" ұйымы кеңсесін тінтіп, Фарукты Қырғызстанда "заңсыз журналистік қызметпен айналысты" деп айыптаған.
Наурыздың 28-інде Ош соты Умар Фарук Қырғызстаннан шығарылуы тиіс деген шешім шығарған. Фарук наурыздың 29-ында Twitter-те өзінің Қырғызстаннан кетіп қалғанын хабарлады.
Ал "Бір дүние" ұйымы мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті кеңсемізді заңсыз тінтіп, компьютер мен басқа да заттарымызды тәркілеп әкетті деп шағымданған. Комитет өкілдері наурыздың 30-ында заңды болды және ол Фаруктың қызметімен байланысты деп мәлімдеген.