Иран келіссөзі кесімді мерзімінен кейін де жалғасты

Иран ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзге қатысушы тараптардың өкілдері. Швейцария, Лозанна, 31 наурыз 2015 жыл.

Швейцарияның Лозанна қаласында өтіп жатқан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты әлемдік алты держава мен Тегеран арасындағы келіссөз 1 сәуірдің таңына дейін де жалғасты. Тараптар келісім жасауға берілген ресми уақыт - 31 наурыздың аяқталғанын да елемеді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мари Харфтың сөзінше, тараптар әлі "бірнеше күрделі мәселені шешуі қажет болса да" келіссөзді ұзарту туралы дұрыс шешім қабылдаған.

Тегеран мен АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция қазір ядролық бағдарламаға қатысты жаңа келісім жобасын уағдаласып қойғысы келеді. Алты ел Тегеранмен Иранның ядролық қару жасай алмайтынына кепілдік берерліктей келісім жасасуды көздейді. Ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатты көздейтінін ғана айтатын Иран билігі халықаралық экономикалық санкциялардың тезірек жойылғанын қалайды.

Келіссөзге қатысушы Иран делегациясы мүшелерінің бірі Хамид Байдинеджад Тегеран келісімнің негізгі шарттарына қатысты ымыраға келу үшін диалогты жалғастыра беруге дайын екенін, бірақ күн тәртібінде әліде шешілмеген бірқатар проблемалар барын хабарлады.