Израиль Иран мен әлемдік алты державаның Иран ядролық бағдарламасына қатысты алдын-ала келісім жасасқанын "аса қауіпті қадам" деп атады.
Израиль үкіметінің өкілі Марк Регев бүгін Иранның келісім жасаудағы бір ғана мақсаты - "ядролық қару жасау" деді. Оның пікірінше, келісім Тегеранды қымбат тұратын ядролық инфрақұрылымынан айырмайды және онда "бір де бір ядролық құрылғыны жабу жайы қарастырылмаған".
Иран мен АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия кеше Швейцарияда сегіз күн бойы өткен келіссөз нәтижесінде алдын-ала келісім жасасқан. Ол бойынша, Иранның ядролық бағдарламасына біршама шектеу қойылып, есесіне бұл елге салынған экономикалық санкциялар алынады. Тараптар бұл алдын-ала келісім негізінде 30 маусымға дейін түпкілікті келісім жасасуы тиіс.