Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка президент Милош Земанның АҚШ елшісімен текетіресін сынға алып, "президент дипломатиялық істерде барынша кәсіби болғаны дұрыс" деп мәлімдеді.
Чехия премьері НАТО және Еуропа Одағымен ортақ саясат ұстанудың бұрынғы социалистік елдердің қауіпсіздігі үшін маңызы зор екенін айқын білдірді.
"Мен әрине, президент мырза сыртқы саясат пен дипломатияда анағұрлым кәсіби тұрғыда әрекет еткенін қолдаймын" деп мәлімдеген.
Милош Земан 5 сәуірде чехиялық Parlamentni Listy сайтына берген сұхбатында өзінің Мәскеуге сапарына қатысты пікір білдірген АҚШ елшісі Эндрю Шапироны "көргісі келмейтінін" мәлімдеген. АҚШ елшісі өткен аптада "Земанның Еуропа Одағы елдері басшылары арасынан жалғыз барып, Мәскеудегі 9 мамыр күні өтетін Жеңіс күні парадына қатысқаны ыңғайсыз болар еді" мәлімдеген еді.
Parlamentni Listy сайтына берген сұхбатында Земан "Чехияның Вашингтондағы елшісі АҚШ президентінің қай елге барып, қайда бармай керек екенін жөнінде кеңес бермеген болар еді" деген.
Еуропа Одағының басшылары Ресейдің Украинадағы қақтығысқа араласқаны үшін Мәскеудегі парадқа байкот жариялаған. Бірақ Еуропа Одағы саясатынан жиі бас тартып, батыс елдерінің Ресейге қарсы санкцияларын сынаған Земан Мәскеуге баратынын мәлімдеген.
Эндрю Шапиро кейін өзінің шетел басшыларына қайда бару керектігі жөнінде нұсқау беру ниеті болмағанын айтып, "ашықтықты қалайтын" Земанның АҚШ елшісінің төтесінен айтқан сөзін бағалауы тиіс еді деген.
Соботканың пікірінше, Милош Земан АҚШ елшісінің сөзіне "үйлесімді жауап бере алмаған".