G7: Минскі келісімі орындалмай санкция алынбайды

"G7" тобына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің кездесуі. Любек, Германия, 15 сәуір 2015 жыл.

Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары Мәскеу Минскіде қол қойған Донбастағы қақтығысты тоқтату келісімін орындап, Украинаның егемендігін құрметтегенде ғана жойылады деп мәлімдеді "Үлкен жетілік" (немесе G7) елдері сыртқы істер министрлері Любекте өткен кездесуден кейін қабылданған коммюникеде.

Экономикасы дамыған әлемдегі жетекші жеті ел - АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Италия және Жапония сыртқы істер министрлері коммюникеде Ресей мен Украинаның қақтығысты тоқтатуға қатысты жасаған алғашқы қадамдарын құптаған. Министрлер бұған қоса "келісімнің әлі орындалмаған тұстарын жедел әрі тыңғылықты орындау" қажет екенін де айтқан. Жеті ел өкілдері бұған қоса қақтығысушы тараптарды бұған дейін жасалған келісімді сақтауға шақырып, "Ресей сепаратистерге өз ықпалын пайдалануы тиіс" деген.

"G7" елдері министрлерінің келіссөзіне дейін Франция, Германия, Украина және Ресей сыртқы істер министрлері Берлинде кездескен еді. Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин келіссөз "күрделі" өткенін айтқан.