Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданына қарасты Садовое ауылын су басып, ауылға баратын жол жабық тұр.
Су басқан ауыл тұрғындарының сол аймақта жүрген Азаттық тілшісіне айтуынша, ауылдағы 70-ке тарта үйдің 300-дей тұрғыны бұдан бес күн бұрын су қаупі төнгенде көршілес Гагарин ауылына көшірілген.
Ағыбай Жайнақ есімді тұрғынның айтуына қарағанда, көшірілген тұрғындардың 40-қа жуығы Гагарин ауылдық клубында тұрып жатыр, қалғандары сол ауылдағы басқа да үйлерге, туыстарына бөлініп орналасқан.
- Сәуірдің 11-інде Нұра өзенінің деңгейі көтеріліп, су басады дегенде ауылдан көшірді. Малдарымыз бен құжаттарымызды ғана алып шыға алдық. Дүние-мүлік, заттарымыз түгел қалды. Қазір Садовое мен Гагарин арасында үш километрдей аумақта су жатыр. Жол жабық, моторлы қайық болмаса жай қайықпен өту мүмкін емес. Тамақ, азық-түлік қаладан келіп жатыр, таныс-туыстардан тамақтанып жатырмыз. Су қайтпай үйімізге бара алмаймыз - дейді Ағыбай Жайнақ.
Гагарин селолық округінің әкімі Алтын Сайдалдинаның Азаттыққа айтуынша, су басқан алғашқы күні Нұра өзенінен Садовое ауылына бір жарым мың текше метр су келген. Қазір Нұра суының деңгейі төмендеп, ауылда 800 текше метр шамасында су қалған.
- Судың негізгі бөлігі Баймырза, Шоқай өзендерінен келіп жатыр. Садовое ауылында үйлерінен көшкісі келмеген екі адам ғана қалды, - дейді әкім.
Теміртау қаласынан 20 километрдей қашықтықта орналасқан Садовое ауылы Гагарин селолық округіне қарайды.
Садовое ауылындағы тасқын туралы фоторепортаж: