Путин: Сталинизм мен нацизмді теңеуге болмайды

Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 16 сәуір 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин нацизм мен сталинизмді салыстыруға болмайды деп мәлімдеді 16 сәуірде Мәскеуде өткен тікелей эфир барысында. Оның сөзінше, "нацизм мен сталинизмді бір тақтаға ілуге болмайды".

"Нацистер өз саясаттарының негізгі мақсаттарының бірі - еврейлерді, сығандар мен славяндарды жою екенін ашық және жария түрде білдірген" деген Путин екі идеология бір-біріне тең емесін айтқан.

Сталинизм туралы сөзінде Путин: "Сталиндік режим жауыздық танытып, барлық репрессияны жүргізсе де, тіпті тұтас халықтарды тентіретіп жіберсе де ұлттарды жойып жіберуді ешқашан мақсат тұтпаған" деген.

Украина парламенті өткен аптада коммунистік және нацистік тоталитарлық режимдерді насихаттауға тыйым салатын заң қабылдаған. 1917-1991 жылдары аралығында Украинада билік жүргізген коммунистік режимді "мемлекеттік террор саясатын жүргізген қылмыскер" деп атаған бұл заңда екінші дүниежүзілік соғыста Украинаның көп бөлігін басып алып, кейін совет әскері ығыстырып шығарған нацистік режим де "мемлекеттік террор саясатын жүргізген" деп танылған.