Мұстафин ауылындағы тасқын зардабы
Төтенше жағдай қызметінің мамандары Мұстафин ауылында көшені судан тазартып жатыр. Қауіпсіздік шарасы үшін ауылда электр қуаты тұтастай ажыратылған. Ұрлық, тонау болмас үшін кезекшілік ұйымдастырылған.
Мұстафин ауылының кейбір көшелерін әлі су басып жатыр. Бұл үйлердің тұрғындары Қарағанды, Теміртау қалаларындағы арнайы орталықтар мен туған-туыстарына орналастырылған.
Ауыл шетінде құрылған жедел штаб тұрғындарды тізімге алып, ауыз су және азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен шұғылданады.
Мұстафин ауылындағы мына қойманың қабырғасында су деңгейінің ізі анық көрінеді. Ауылдың кейбір жерінде қызылсудың биіктігі екі метрге дейін жеткен.
Сәуірдің 11-і күні болған тасқын салдарынан бір бұрышы құлап қалған үй. Тұрғындардың айтуынша, Мұстафин ауылындағы көп үйлер 1950-жылдары саман кірпіштен салынған.
Тасқыннан зардап шеккен ауылда ауыз су тасып жүрген жігіт. Селден кейін велосипед сенімді көлікке айналған.
Үй шатырындағы ит. Тасқын қаупінен баспаналарын асығыс тастап шыққан тұрғындар ит-мысықтарын үйдің төбесіне тастап кетуге мәжбүр болған.
Ауылдағы су басқан көше. Мамандардың айтуынша, сәуірдің 16-ы күнгі жағдай бойынша, су деңгейі 25 сантиметр түскен.
Табиғи апат салдарынан бүлінген үйіндегі жарамды дүние-мүліктерін алып кетуге көлікке тиеп жатқан тұрғын.
Ауласына кіре алмай қалған итке тамақ беріп жатқан ер адам.
Тасқынға шыдас бере алмаған үйдің бірі. Мұстафин ауылында селден 700-дей үй зақымданып, бүлінген.
Үйінің ішіне кірген суды, бүлінген үй қабырғасын көрсетіп тұрған ауыл тұрғыны.
Есік алдындағы судан үйге кіріп шығу қиындаған. Төселген көпір үстінен өтіп бара жатқан әйелге ер адам жердемдесіп тұр.
Ғабиден Мұстафин ауылында су тасқыны салдарынан құлаған үйлер мен бұзылған мүліктердің шығынын есептеу комиссиясы жұмысын әлі бастамаған. Олар судың кеткенін күтіп отыр.