Ассамблея жиыны "мәңгілік ел" тақырыбымен өтеді

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 18 сәуір 2015 жыл.

Қазақстандық ресми ақпарат құралдары Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) құрылғанына 20 толуы қарсаңында президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақстандықтардың атына "әлемнің түкпір-түкпірінен құттықтаулар түсіп жатыр" деп хабарлайды. Беларусь президенті Александр Лукашенко, Шешенстан президенті Рамзан Қадыров, Канада парламенті депутаты, "Қазақстан-Канада парламенттік достық тобының" тең төрағасы Леон Бенуа мен басқа да саясаткерлер атынан келген құттықтаулар жарияланып жатыр.

Бүгін Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының мерейтойлық сессиясы өтеді. Оның күн тәртібіне "Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр" тақырыбы қойылған.

Қазақстан халқы ассамблеясы биыл ақпан айында кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастама көтерген. Мерзімінен бір жыл бұрын сайлау өткізу қажеттігін ассамблея "президент Нұрсұлтан Назарбаевқа елді ғаламдық сынақ кезеңінен сәтті алып шығу үшін жаңаша түрде жалпы халықтық сенім білдіру керек" деп түсіндірген.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өтеді. Президенттікке "Нұр Отан" партиясы атынан қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы атынан Тұрғын Сыздықов пен өзін-өзі ұсынған Қазақстан кәсіподақтары федерациясының жетекшісі Әбілғазы Құсайынов кандидат ретінде тіркелген.