Уфада дәрігерлер аштық акциясын тоқтатты

Наразылық пикетінде тұрған «жедел жәрдем» станциясы қызметкерлері. Уфа, 4 сәуір 2015 жыл.

Башқұртстан астанасы Уфада аштық жариялап жатқан қаладағы жалғыз медициналық «жедел жәрдем» станциясының дәрігерлері Башқұртстан денсаулық сақтау министрінің жанжалды реттеуге болатыны туралы мәлімдемесінен соң наразылық акциясын тоқтатқан. Бүгін ТАСС агенттігіне денсаулық сақтау саласы қызметкерлері аймақаралық кәсіподағынан хабарлағандай, әкімшілік қысымға қарсылық білдірген 13 адамның соңғы төртеуі аштық шарасын доғарған.

Кеше кәсіподақтар өкілі Андрей Коновал мен Башқұртстан денсаулық сақтау министрі Анвар Бакировтың кездесуі барысында проблемалық мәселелерді шешуге министрлік дайын екендігі айтылған.

Уфада наурыздың 19-ы күні «жедел жәрдем» станциясының қызметкері Светлана Юсупова бастаған аштық акциясына кейін оның әріптестері қосылған. Наразылар еңбек құқықтарының сақталуын, өздеріне қатысты дискриминация мен әкімшілік қысымды тоқтатуды, сонымен бірге станция басшылығының отставкаға кетуін талап еткен.