АҚШ: Балтиморға ұлттық гвардия әскері кіргізілді

Балтимор қаласындағы тәртіпсіздік. АҚШ, Мэриленд штаты, 27 сәуір 2015 жыл.

АҚШ-тың шығысындағы Балтимор қаласына полиция бөлімшесінде алған жарақатанынан қайтыс болған 25 жастағы қара нәсілді жігітті жерлеуден кейін басталған наразылық пен тәртіпсіздікті басуға мыңдаған полицей мен Ұлттық гвардия сарбаздары кіргізілді.

Тәртіпсіздіктерден қаланың солтүстік бөлігі елеулі зардап шеккен соң Мэриленд штатының губернаторы Ларри Хоган төтенше жағдай жариялады.

27 сәуірде полиция бөлімшесінде омыртқасынан жараланып қаза тапқан қара нәсілді жігіт Фредди Грейді жерлеуден соң наразылық танытушылар дүкендерді тонап, ғимараттар мен көліктерді өртеген. Тәртіпсіздіктен кемінде 15 полицей жараланып, 25-тен астам адам тұтқындалды.

Балтимордағы оқиғалар АҚШ-та өткен жылы қара нәсілді азаматтар қаза тапқан Миссури штатының Фергюсон қаласында болған шерулер мен тәртіпсіздіктерден кейінгі ең ірі наразылық болып отыр.