"Адем" сауда орталығы жұмыс істей бастады

Өртенген "Адем" сауда орталығының саудагерлері тауарларының өтемақысын төлеуді сұрап өтініш жазып тапсырып жатыр. Алматы, 29 сәуір 2015 жыл.

Бүгін Алматыдағы бір бөлігі өртенген "Адем" сауда кешенінің алдыңғы қатарындағы сауда орындары жұмыс істей бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сауда орындары өртенген саудагерлерден жеке-жеке арыздар қабылдана бастады.

Кеше Сауда орындары мен тауарлары өртенген жүздеген саудагер «Адемнің» алдында наразылық танытып, жолды жапқан.

Жолды жауып тұрғанында наразылар «Назарбаев, көмектес!», «Үкімет, позор!» деп айқайлаған. Саудагерлер «Өрттен кейін бізді ешкім керек қылмады. Шығынымыз төленетінін, я төленбейтінін ешкім айтпады" деп шағымданған.

Наразылық жиынында "Адем" сауда орталығының директоры өртенген павильон барынша жылдамдата салынатынын және оның саудагерлеріне тегін сауда орындары берілетінін хабарлады.

Сәуірдің 26-сында сағат 21 шамасында "Адем" сауда орталығы павильондарының бірінен өрт шығып, ол 27 сәуір күні түске таман бір-ақ өшірілген. Өрт аумағы 25 мың шаршы метрден асып, кешеннің бір павильоны түгелдей өртенді. Өрт екінші павильонды да шарпыды. Өрт себептері анықталып жатыр.