АҚШ ғарыш аппараты Меркурийге құлады

«Мессенджер» ғарыш аппаратының Меркурий бетін түсіріп, Жерге жіберген алғашқы суреті.

АҚШ-тың «Мессенджер» (Messenger) ғарыш аппараты бейсенбі күні Меркурий планетасының бетіне жоспарлағандай құлап, 11 жылға жалғасқан жұмысын аяқтады деп хабарланды. Аппарат құлап бара жатқан сәтте де Меркурий бетін суретке түсіріп, Жерге жіберген.

Ғарыш аппараты секундына 4 километр немесе сағатына 14 мың шақырымнан аса жылдамдықпен құлағаннан кейін планетаның солтүстік бөлігінде үлкендігі 16 метрлік шұңқыр пайда болған.

АҚШ ғарыш агенттігінің хабарлауынша, Меркурий орбитасында жұмыс істеген төрт жыл ішінде «Мессенджер» Жерге 250 мыңға жуық суреттер түсіріп жіберген. Ғарыш аппараты Меркурийдің полюстарынан үлкен мұздықтар тапқан. Ол жүргізген зерттеу нәтижелерінде планетаның геологиялық тарихы туралы деректер алынған, Меркурийдің магниттік өрісі оның ортасында орналасқаны анықталған.

Күннің тартылыс күші әсерінен «Мессенджер» Меркурийге өте жақын барған. Оның отыны таусылғандықтан ғарыш аппаратының құлайтыны туралы болжамдар наурыз айында айтыла бастаған еді. Бірақ техниктер аппараттағы сығылған гелий қорын пайдаланып оның ғұмырын тағы бір айға ұзартқан.

Ғарышқа 2004 жылы тамызда ұшырылған «Мессенджер» Меркурий планетасының орбитасына 2011 жылы наурызда жеткен. Әу баста аппарат бір жыл жұмыс атқарады деп жоспарланған, ал іс жүзінде ол Меркурий орбитасында төрт жыл жұмыс істеген.