Батырхан Шүкенов Алматының Кеңсайына жерленді

Қазақстандық әнші Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония ғимараты алдында өтті. Алматы, 1 мамыр 2015 жыл.

Бүгін Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония ғимаратында қазақстандық әнші Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі өтті. Ол 53 жасқа қараған шағында сәуірдің 29-ына қараған түні Мәскеуде кенеттен қайтыс болған еді.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға өнер адамдары, мәдениет қайраткерлері, ресми тұлғалар және бірнеше мың адам жиналды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Батырхан Шүкеновтың отбасына көңіл айту хатын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов оқып берді. Қаралы жиында әншінің дос-жолдастары мен әріптестері, ресми тұлғалар сөйледі.

Батырхан Шүкенов Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.