Боксшы Флойд Мэйвезер Мэнни Пакьяоны жеңді

АҚШ боксшысы Флойд Мэйвезер мен филлипиндік Мэнни Пакьяо арасындағы жекпе-жектің жарнамасы. Пакьяо. (Флойд Мэйвезердің Facebook-тегі парақшасындағы сурет.)

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында мамырдың 2-і күні кешке (Астана уақытымен 3 мамыр таңертең) өткен кәсіпқой бокс жекпе-жегінде АҚШ спортшысы Флойд Мэйвезер филлипиндік Мэнни Пакьяодан күш асырды.

Бокс жанкүйерлері асыға күткен бұл жекпе-жекте бәсекелестер 12 раунд бойы бір-бірімен күш сынасты. Сайыс біткен соң төрешілердің ұйғарымы бойынша, Флойд Мэйвезер жеңімпаз деп танылды.

Бұл сайыстың сыйлық көлемін Біріккен Араб Әмірліктеріндегі инвестициялық топ еселеген соң, жүлде қоры бұрын-соңды болмаған мөлшерге – 120 миллион АҚШ долларына жеткені хабарланған.

Флойд Мэйвезер осыған дейін кәсіпқой рингте өткізген 47 жекпе-жектің барлығында жеңіске жеткен. Ал Мэнни Пакьяо 64 рет кездесу өткізіп, оның 57-сінде бәсекелесінен басым түскен. Екі рет жеңіліп, үш кездесуді тең аяқтаған.