АҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер америкалық әскерилер "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларымен соғысып жатқан сириялық көтерілісшілердің шағын тобын әскери дайындықтан өткізе бастағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, көтерілісшілердің екінші отрядын дайындау да таяуда басталмақ.
Пентагон басшысы қазір әскерилер 90-ға жуық адамды жаттықтырып жатқанын айтады. Бұған дейін аты-жөнін атамаған америкалық шенеуніктер жаттығу Иордания территориясында өткізіліп жатқанын, мұндай дайындық алда Түркияда да ұйымдастырылмақ екенін айтқан. Сауд Арабиясы мен Катарда да дайындық орталықтарын ашу жоспарда бар.
АҚШ президенті әкімшілігі АҚШ Сириямен соғысып жатпағандықтан дайындық тек "Ислам мемлекеті" содырларына қарсы бағытталып отырғанын хабарлаған. Бірақ кейбір топтар, оның ішінде көтерілісшілер жетекшілері АҚШ-тың әскери дайындықтан өткізу бағдарламасын "оппозиция арасында алауыздық тудыруы мүмкін және көтерілісшілер Сирия үкіметі әскеріне қарсы да дайындықтан өткізілмесе бағдарлама сәтсіздікке ұшырайды" деп сынаған.