Соғыстағы альпинистер туралы кітап жарық көрді

Қазақстан альпинистерінің екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны туралы кітап мұқабасы.

Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғысқа қазақстандық альпинистердің қатысқаны туралы «Альпинисты Казахстана в Великой Отечественной войне» деп аталатын кітап басылып шықты. Педагогика ғылымдарының докторы Владимир Вуколов авторлық еткен кітапта соғыс тарихының бір сәті мен Қазақстандағы альпинизм тарихы туралы айтылады. Кітапта бұған қоса ежелгі заманнан қазіргі күнге дейінгі таудағы соғыстар тарихына саяхат жасалған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы таудағы соғыс қимылдарынан қазіргі Қазақстан армиясы алуға болатын тәжірибе де келтірілген.

Жаңа кітаптың жартысына жуығы Кавказ бен басқа да таулы аудандардағы соғыс қимылдары және оған қазақстандық альпинистердің қатысуына арналған. Кітаптың бір бөлімін Іле Алатауындағы "Горельник" туристік базасында тау мергендері мен инструкторларды дайындау тарихы туралы баяндалады. Автордың дерегінше, 1943-1946 жылдары бұл базада 1500 тау инструкторы мен 12 мыңнан астам тауд мергендері дайындалған.

Автор кітапты жазу кезінде Қазақстан президенті мұражайының құжаттарын, Қазақстан орталық мемлекеттік мұражайы кино және фото құжаттары қорының суреттері мен кадрларын пайдаланғанын айтады.

Кітап таралымы 500 дана. Кітап Алматы туристері мен альпинистерінің қолдауымен жарық көрген.