Ресейдің Краснодар өлкесі Красноармейск аудандық соты Полтавская станицасында «Путинсіз Ресей мен Украина үшін» деген жазуы бар үнпарақтар таратқан азаматтық белсенді Дарья Полюдованы он тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарған.
«ОВД-Инфо» құқыққорғау порталының хабарлауынша, 25 жастағы Полюдованы әкімшілік құқық бұзу кодексінің нақты қандай бабы бойынша жауапқа тартқаны әзірше белгісіз.
«Кубаньды федерализациялау ісі» деген қылмыстық іс бойынша Дарья Полюдоваға «Ресейдің территориялық тұтастығын бұзуға шақырды» және «экстремизммен айналысты» деген айыптар тағылған.
Бұл қылмыстық іс Кубань өңіріне көбірек автономия беруді талап ететін шеру ұйымдастыруға байланысты 2014 жылы тамызда қозғалған. Жарты жыл бойы тергеу абақтысында қамауда болған Дарья Плюдованы ешқайда кетпейтіні туралы қолхат берген соң босатқан.
Биыл наурыздың соңында Дарья Полюдова Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына шағым түсірген.